Аңдатпа
Қазақстанда азаматтық қоғам институттарының (ҮЕҰ, қоғамдық кеңестер, бастамашыл топтар) жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы рөлі нормативтік түрде танылғанымен, олардың шешім қабылдау нәтижелеріне ықпалы көбіне консультативтік деңгейде қалады. Мақаланың мақсаты – азаматтық қатысудың жергілікті басқару тиімділігімен байланысын бағалап, ықпалдың институционалдық шарттарын айқындау. Зерттеу аралас әдіснамаға негізделді: Конституция мен «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға контент-талдау; квоталық-стратификацияланған сауалнама (n=2756; қала 63%, ауыл 37%); жартылай құрылымдалған сараптамалық сұхбат. Сандық деректер Spearman корреляциясы және кросс-талдаумен өңделді (p<0,05). Нәтижелер азаматтық қатысу мен жергілікті басқаруды субъективті бағалау арасында оң статистикалық байланыс бар екенін және өңірлік теңсіздікті көрсетті. Жаңалығы – институционалдық медиаторларға негізделген индикаторлық модель ұсыну.

